Жапаров: Қамшыбек Тәшиевті Қырғызстан президенті еткім келді
"2027 жылы алты жылдық президенттік мерзімім аяқталғаннан кейін, егер Қамшы дайын болса, сайлауға қайта түспеймін деп ойлағанмын. Қамшы президент болып, мен демалысқа кетер едім. Осындай жоспарым болды. Бұл туралы бір жыл бұрын оның өзіне де айтқанмын", - деді Жапаров.
"Мен оған: "Сен дайын бол, айналаңды тазарт, өз адамдарыңды тәрбиеле" дедім. Кейін қарасам: ол дайын емес екен. Қызметкерлерінің іс-әрекеті дұрыс емес, айналасындағы адамдардың көкірегі көк тіреп кеткен. 75 ақсақалдың хаты шығып, парламент генералдың жақтастары болып бөліне бастағанда, мен оны шақырып алып: "Бұлай болмайды. Халықты ірітуге болмайды. Елді солтүстік пен оңтүстікке бөлетіндерді қатаң жазалаймын, өйткені халық енді ғана біріге бастады. Сондықтан, ренжіме, мен сені қызметтен босатамын. Егер сайлауға түсетін болсаң, мен саған барлық жағдайды жасап беремін", - деді Қырғызстан президенті.
Жапаровтың айтуынша, Тәшиев оның досы болып қала береді, бірақ бұдан былай мемлекеттік қызмет атқармайды.
"Иә, біз 2005 жылдан бері дос болдық, отбасымызбен араластық. 2020 жылы мен бостандыққа шығып, президент болғанда, оны ҰҚМК төрағасы етіп тағайындадым. Иә, бес жыл бойы жақсы жұмыс істеді. Бірақ бір кемшілігі - ол достарына, сыныптастарына ие бола алмады. Ол қызметінен кетті.
Әрине, мінсіз адам болмайды. Жұмыс істеген адамда кемшілік болмай тұрмайды. Ол менің досым болып қала береді, бірақ оны қандай да бір қызметке тағайындау жоспарымда жоқ.
Ол демалуы керек, бәлкім, сараптап, қай жерден қателескенін түсінер. Мен оны тек қателік жасады деуден аулақпын. Жоқ, нәтижелер бар, еліміздің жетістіктеріне қосқан зор үлесі де бар", - деді президент.
Биыл шілдеде Бішкек соты Қамшыбек Тәшиевті "75-тің хаты" ісі бойынша мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды және үш жылдық пробациялық бақылау тағайындады.
