Қазақстандағы ең егде студенттің жасы нешеде?
Қазақстанның жоғары оқу орындарында түрлі жастағы адамдар білім алып жүр. Ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі ең жас және ең егде студенттердің жасы қаншада екенін Tengri Education-ға айтып берді.
Ең егде студенттер неше жаста?
Қазақстандағы ең егде студент қазір 80 жаста. Ол Шымкенттегі Тәшенев атындағы университетте оқиды және орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау бағыты бойынша магистратурада білім алып жүр.
Сонымен қатар, Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркияның 71 жастағы азаматы Кадрие Ышыклы білім алады. Ол "Туризм" мамандығында оқып жүр.
"Жоғары оқу орындарында зейнет жасындағы 107 адам білім алып жатыр. Оның 58-і бакалавриатта, 30-ы магистратурада, 19-ы докторантурада оқиды", - деп мәлімдеді министрлік.
Ең жас студенттер неше жаста?
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ең жас студенттері қазір 15 жаста. Мұндай студент - үшеу.
Олардың екеуі стоматология мамандығында оқиды: бірі Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, екіншісі С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да білім алады. Тағы бір 15 жастағы студент Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ақпараттық технологияларды оқып жүр.
2025 жылғы желтоқсанның аяғындағы мәлімет бойынша, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 63 жастан асқан 67 адам білім алған. Оның 11-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған. Бұған қоса, 63 жастағы тағы 9 студент болған, олардың екеуі мемлекеттік тапсырыспен білім алған.
