Қызылорда облысы тұрғындарының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылған
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Халықтың денсаулығы ең бірінші ауыз суға байланысты. Ал Елбасымыздың ауыл халқына деген қамқорлығының бір белгісі - «Ақбұлақ» бағдарламасы болып табылады. Аталмыш бағдарламаның іске асырылғанына 5 жыл болды. Осы аралықта 27 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде қазір Қызылорда облысындағы барлық 261 ауылдық елді мекеннің 74 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Салыстырмалы түрде айта кетейік, бұл көрсеткіш республика бойынша 48 пайызды құрайды. Ал халық санымен алғанда, аймақ тұрғындарының 95 пайызы таза ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.