АҚШ-та екі қазақстандыққа ірі алаяқтық жасады деген айып тағылды
Чикагода екі қазақстандық медициналық сақтандыру және Medicare бағдарламасына қатысты ірі алаяқтық схемасын ұйымдастырып, соның салдарынан мемлекеттік бағдарламалар мен жеке сақтандыру компанияларына бір миллиард доллардан астам шығын келтірді деп айыпталды. Бұл жөнінде cwbchicago.com сайты хабарлады.
Атап айтқанда, қазақстандықтардың бірі Әнуар Әбдірахмановқа Кентуккиде орналасқан Priority One Medical Equipment компаниясына заңсыз иелік етіп, оны Medicare бағдарламасы бойынша құны шамамен 666 млн доллар болатын өтініштер беруге пайдаланды деген айып тағылды.
Айыптау жағының дерегінше, Әбдірахманов АҚШ-қа 2023 жылы мамырда жұмыс визасымен барған, визасының мерзімі сол жылы қыркүйекте біткен, бірақ соған қарамастан сол жақта тұра берген. Сот құжаттарына қарағанда, ол 2024 жылы сәуірде Priority One компаниясының қызметкері әрі менеджері болған.
Тергеушілердің дерегінше, 2024 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында Medicare ұйымына шамамен 250 шақты шағым түскен. Олардың көбі қағаз жүзінде Priority One бағдарламасы бойынша "жәрдемақы алатын" болып шыққан, бірақ шын мәнінде ешқандай қызметке жүгінбеген немесе ақша алмаған.
Федералдық прокурорлардың айтуынша, мысалы Иллинойста осындай "көмек алған" алты адамға қағаз жүзінде глюкоза мен катетер деңгейін тексеретін құрылғы берілген, бірақ олар Priority One компаниясынан ешқандай медициналық құрылғы алмағандарын айтқан. Тіпті өздерінің диабетке шалдықпағандарын да жеткізген.
Тергеушілер 2024 жылы шілдеде Priority One компаниясының Кентуккидегі кеңсесін бақылаған кезде кеңсенің жабық әрі бос тұрғанын көрген. Кеңсе жалдаған қызметкерлер тергеушілерге олардың міндеті тек пошта арқылы түскен хаттарды жинап, оларды құпияландырылған қосымша арқылы компания жетекшісіне жеткізу екенін айтқан және компания басшысын ешқашан көрмегенін жеткізген.
Сот жазбаларына қарағанда, қызметкер FedEx чектерін Чикаго маңындағы елді мекендегі мекенжайларға жіберген. Қызметкерлердің бірі тергеушілерге бір күні 1 млн доллар болатын чекті жоғалтып алып, кейін тапқаны үшін 2 мың доллар көлемінде сыйақы алғанын айтқан.
Чикагода тұратын екінші қазақстандық Тайыр Смағұловқа Medicare бағдарламасына қатысты ірі алаяқтық жасап, ақша жымқыру мақсатында астыртын сөз байласты деген айып тағылып отыр.
Федералдық биліктің айтуынша, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың қыркүйек аралығында Смағұлов Medical Home Care компаниясына иелік етіп, Medicare және Medigap сақтандыру компанияларына төлем жіберу схемасына қатысқан.
Айыптау актісіне сүйенсек, Medical Home Care компаниясы 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың шілдесі аралығында құны шамамен 953 млн доллар болатын шамамен 470 000 өтініш берген. Прокуратура дерегінше, осы уақыт аралығында Medicare-ға сақтандырылған тұлғалардан шамамен 27 мыңнан астам шағым түскен.
Айыпталушыларға ірі айыппұл мен ұзақ түрме жазасы қатері төніп тұр.
