Солтүстік Қазақстанда жүзден астам елді мекенге су басу қаупі төнді
Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 7 мың адам тұратын 112 елді мекенге су басу қаупі төнді. Бұл жөнінде "Қазақпарат" хабарлады.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Әсет Шайкиннің сөзінше, Есіл, Шағалалы, Селеті, Қамысақты өзендері және олардың салалары тасуынан су тасқыны қаупі туындаған. 38 елді мекен өзенге жақын орналасқан, өзен тасыса 12 елді мекенге қиын болайын деп тұр, ал 62 елді мекен еріген қар суы ағатын жолда орналасқан.
Төтенше жағдай департаменті мамандарының болжамынша, "егер күрт жылып кетсе, өзен-көл деңгейі қауіпті межеге дейін көтерілуі мүмкін". Ақпан мен наурызда да қар жауады.
ТЖД мамандары аймақта су тасқынына дайындық аясында қорғаныш бөгетін салу, су өткізу құбырын орнату, арық тазалау сияқты шаралар жүргізілгенін айтады.
1 ақпанда «Қазгидромет» су тасқынына қатысты алдын ала болжам жариялаған. Оған сәйкес, су тасқыны қаупі жоғары аймақтар қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары бар.
2024 жылы көктемде Қазақстанның бірнеше облысында елдімекендер су тасқынынан зардап шекті. Арасында Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынды кейінгі 80 жыл ішіндегі ең ірі табиғи апат деп атаған.
