"Қызыл жарты ай" АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылында 555 адам қаза тапқанын айтты
Ирандағы "Қызыл жарты ай қоғамы" 1 наурыздағы мәлімдемесінде АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылынан 555 адам мерт болғанын хабарлады.
Ұйым есебінше, шабуылдар Иранның 131 қаласына әсер еткен, құтқару және тасымалдау жұмыстары жүріп, ауруханалар жарақат алғандарды емдеп жатыр.
Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Дағдарысты басқару орталығы кейінгі екі күнде шабуылға ұшыраған Табриз, Сараб, Мараге және Шабестар қалаларында 42 адам опат болған. Әзірге қаза тапқандардың нешеуі бейбіт тұрғын екені беймәлім.
Хормозган провинциясында 28 ақпан күні бастауыш сыныпқа түскен зымыраннан қаза тапқандар саны 148-ге жеткені айтылып отыр. Жергілікті шенеуніктің айтуынша, шабуыл салдарынан кемі 95 адам жарақат алған, олардың көбі – оқушы.
Әзірге бұл сандарды тәуелсіз жолмен тексеру қиын.
