ОРК Конституция бойынша референдумның алдын ала қорытындысын жариялады
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, 16 наурыз таңертеңге жинақталған дерекке сәйкес, Конституция жобасы бойынша дауыс берген 7 954 667 азамат (87,15%) Конституция жобасын қолдап, ал 898 099 адам қарсылық білдірген.
ОРК мәліметінше, дауыс беруге құқығы бар 12 482 613 азаматтың 9 127 192-сі, яғни 73,12 пайызы референдумге қатысқан.
Әбдіровтің айтуынша, 146 558 жарамсыз бюллетень тіркелген.
Бұдан бөлек, белгіленген үлгіге сәйкес келмейтін 127 868 бюллетень анықталған. Әбдіровтің сөзінше, олар жарамды деп танылғанымен, дауыс санау кезінде есепке алынбаған.
ОРК төрағасы референдумның түпкілікті қорытындысы 21 наурызға дейін жарияланатынын мәлімдеді.
Қазақстандағы референдум кезінде сауалнама жүргізуге биліктен рұқсат алған үш институт дауыс берген азаматтардың 86 пайыздан астамы жаңа Конституция жобасын қолдады деп жариялады. Конституция жобасының авторы өзі екенін айтып жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның ресми қорытындысы жаряланбай жатып, жаңа Конституция қабылданды деп мәлімдеді.
Конституция жобасында елде партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы парламент болатыны, президент қызметке тағайындайтын вице-президенті лауазымы енгізілетіні, Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылатыны жазылған. Сондай-ақ Халық кеңесі құрамын президент тағайындайтынын Тоқаев бұған дейін айтқан. Жобада бірқатар мемлекеттік маңызды билік органдары басшыларын президент жеке дара өзі тағайындайды деп көрсетілген.
Кейбір сыншылар заң шығарушы билік тармағы әлсіреп, президенттің құзыры одан сайын кеңейеді десе, Ақорда керісінше, тежеу және тепе-теңдік ұстау жүйесі нығайып, елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді" дейді.
Қазақстан тәуелсіздігін жарияғалы бергі өткен кезеңде екі рет жаңа Конституция қабылдаған. Біріншісі 1993 жылғы 28 қаңтарда, ал екінші Конституция 1995 жылғы 30 тамызда жалыхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданған.
