Күтпеген шарттары бар шағын несие: Алматыда тағы бір схема әшкереленді
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы криптовалютамен микроқарыз беруге қатысты алаяқтық ісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Схема қалай жұмыс істеген?
Тергеу мәліметтері бойынша, әлеуметтік желілерде тиімді шарттармен қарыз беру туралы жарнамаларды агрессивті түрде орналастыру арқылы әлеуетті қарыз алушылар белсенді түрде тартылған. Қарызды ресімдеу үшін сәйкестендіруден өту, дербес деректерді ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің іс жүзіндегі шарттары мәлімделгеннен айтарлықтай өзгеше болған. Қарыз алушыларға бастапқыда көрсетілгеннен әлдеқайда аз сома аударылып, қаражаттың бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталып қалған.
Мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұл санкциялары туралы ақпарат та толық көлемде ашылмаған.
Ақша бөтен карталар арқылы өткен
Тергеу нұсқасы бойынша, қаражатты қайтару үшінші тұлғалардың - "дропперлердің" банк карталары арқылы жүзеге асырылған.
Интернет-ресурстың жұмысы және қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстарды және техникалық құралдарды қамтитын кең тармақты инфрақұрылым пайдаланылған.
"Тінту барысында жаппай SMS-таратылым үшін пайдаланылған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр", - деп хабарлады ҚМА.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды
