Алматыда бірнеше белсендіні полиция ұстап әкеткен
![Алматыда бірнеше белсендіні полиция ұстап әкеткен](https://gdb.rferl.org/12C048AF-B06A-485C-9648-B7CBA3001AD7_w800_h450.jpg)
Желтоқсанның 16-сы күні Алматыда бірнеше азаматтық белсендіні полиция ұстап әкеткен. Кейбірін Тәуелсіздік монументі жанындағы орталық алаңнан, кейбірін үйінен шыққан соң ұстаған. Бұл туралы құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Оның Азаттыққа айтуынша, жексенбі күні таңертең Алматы полициясы белсенділер Жасарал Қуанышәлин, Ғалым Ағелеуов, Геройхан Қыстаубаев, Маржан Аспандиярова мен тағы бірнеше адамды ұстап, полиция бөліміне алып кеткен. Төреғожина үйінің сыртында полиция өкілдері тұрғандықтан пәтерінен шыға алмай отырғанын айтты.
- Тәуелсіздік мейрамы күні жай ғана алаңға бармақ болған азаматтарды еш себепсіз көшеден ұстап әкеткен. Мысалы, өзім ешқандай саяси ұйым, партияда жоқ құқыққорғаушымын. Мені неге бұл күні үйімнен шығармай ұстаулары керек? Сонда кей адамдарға алаңға баруға болады да, өзге біреулерге болмай ма? Азаматтарды бұлайша алалау – дискриминацияға жатады, - деді Бақытжан Төреғожина.
Азаттық тілшілері сөйлескен алматылық тағы бір белсенді Сүйіндік Алдабергенов те өзін үйінен шығармай қойғаны туралы айтты.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті бүгін ұсталған азаматтар туралы әзірше түсініктеме берген жоқ.
Бүгін, желтоқсанның 16-сы күні Қазақстанда тәуелсіздік декларациясының қабылданғанына 27 жыл толуына байланысты мереке күні. Алматыда таңертең қала әкімі Бауыржан Байбек бастаған бір топ шенеунік, кейбір қоғамдық ұйым өкілдері орталық алаңдағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қойды. Желтоқсан мен Сәтпеав көшелерінің қиылысындағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші алдына жиналған жұрт гүл қойып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болғандарға құран бағыштады.
Тәуелсіздік мейрамына байланысты Қазақстанда биыл желтоқсанның 19-ына дейін демалыс жарияланған.
Қазақстан қоғамында бұл күні тағы екі оқиғаны еске алады. 1986 жылы желтоқсанның 16-сында Мәскеудің Қазақ ССР-і компартиясы басшылығына республикаға белгісіз адамды тағайындау туралы шешімі студент және жұмысшы қазақ жастарының наразылық шеруіне ұласқан. Алматының орталық алаңында екі күнге жалғасқан шеруді билік күшпен басқан. Жүздеген адам қуғын-сүргінге ұшыраған.
2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерге байланысты талаптар қойған мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан наразылық шеруіне полиция оқ жаудырған. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.