Басқарма Алматы облысында оқытушының "студенттерді ұрғанын" растады
Алматы облысының білім басқармасы Жаркенттегі колледж оқытушысының студенттерге қол жұмсағанын растады. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, басқарма бұл факт бойынша арнайы комиссия құрды.
Басқарма мәліметінше, оқытушы студенттерді соққыға жыққан оқиға 10 қаңтар күні Жаркенттегі көпсалалы колледжде болған. Колледждегі оқиғаны тексеруге білім басқармасының комиссиясы барып, оқытушы жұмысынан шеттетілген. Білім басқармасы тексеру қорытындысы бойынша колледж басшылығы мен оқытушыға шара қолданылатынын айтады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде "Жаркентте колледж оқытушысының студенттерді ұрып-соққаны" туралы видео жарияланған.
Алматы облыстық полиция департаменті видеоны тексеріп жатқанын, видеодағы ер адамның Панфилов аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.