Алматы облысында шетелдік және жергілікті жұмысшылар төбелескені хабарланды
7 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданында жол салып жатқан қытай және қазақстандық жұмысшылар арасында жанжал болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Департамент төбелестен Қытай азаматы, бірақ Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар этникалық қазақ жарақаттанғанын хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды соққан".
Төбелестен Қытайдың төрт азаматы жараланып, ауруханаға түскені хабарланды. Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу басталғанын, күдіктілер ұсталғанын айтты.
Бұдан бөлек, тексеріс кезінде "Citic Construction" компаниясында заңсыз жұмыс істеп жүрген 33 шетелдік анықталғаны да хабарланды. Полиция қазір оларды елден шығару ісімен айналысып жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін де Қазақстанда жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында жанжал болған. Маусымның соңында Атырау облысы Теңіз кенішінде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы төбелестен, ресми дерек бойынша, 40 адам зардап шеккен. Жергілікті билік "төбелеске араб елдерінен келген жұмысшы мен қазақ қызының бірге түскен суреті себеп болғанын" айтқан. Ливан мен Иордания басылымдары төбелестен соң жүздеген азаматтың Қазақстаннан қайтқанын жазған.
12 тамызда Қарағанды облысы Жәйрем тау-кен комбинатында жергілікті тұрғындар мен шетелдік жұмыстар төбелесіп, "бірнеше адам жеңіл жараланған". Полиция бұл төбелесті "тұрмыстық жанжал" деген. Жергілікті тұрғындар мен куәгерлер Азаттық тілшісіне төбелес интернетте тараған қыздың жалаңаш суреті себеп болғанын айтқан. Тұрғындардың сөзінше, суретті шетелдік жұмысшылардың бірі таратуы мүмкін. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жергілікті тұрғындар комбинатта шетелдік жұмысшылардың жұмыс істегеніне қарсы шыққан.