Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жариялады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-не дейін төтенше жағдай енгізілсін" делінген президент жарлығында.
Жарлықта қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзетті күшейту, ірі сауда орындарының жұмысын шектеу, ойын-сауық орталықтары, театр сияқты көп адам жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату туралы жазылған. Бұған қоса, Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қою қажеттігі айтылған. (Қазақстан мен өзге мемлекеттің дипломатиялық қызмет өкілдері, халықаралық делегаттарға бұл шектеудің қатысы жоқ).
Кіріп-шығуға қатысты қосымша түсініктеме берген Қазақстан СІМ-нің айтуынша, шетелде жүрген Қазақстан азаматтары елге кіре алады.
"Бұл шектеулер негізінен шетел азаматтарына қатысты" деді СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров 15 наурызда.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда сегіз адамнан коронавирус табылған. Олардың кемінде бесеуі - Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда карантиндік стационарда емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі олармен контактіде болған адамдардың оқшауланғанын хабарлады.
Коронавирусқа байланысты Қазақстанда бұған дейін төмендегідей шаралар енгізілген еді:
Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;
Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында;
16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;
Балабақшалар жұмыс істей береді;
Сауда орындары, базарлардың жұмысы шектеледі;
Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;
Кейбір бағыт бойынша әуе рейстері тоқтады;
Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;
Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.
Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.