Бекшин: Митинг өткізуге уақытша тыйым салу жағын қарастырып жатырмыз
— Көп адам жиналатын митингілерді өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Эпидемия кезінде он адамнан артық жиналмауы керек. Қыркүйекте митинг өткізуге рұқсат еттік ("Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ наразылық шарасын өткізген – ред.). Вирус жұқтырғандар аз болған кезде митингілер арақашықтық сақтап, маска тағып, дезинфекция қолданып өтті. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Сондықтан мұндай шараларға тыйым салу жағын қарастырамыз, - деді Бекшин 20 қазандағы брифингте.
Бекшин он адамнан аз жиналатын митингілер өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
— Егер санитарлық норма рұқсат етсе, талапты бұза алмаймыз. Меніңше, 10 [адам] жиналып митинг өткізе алады. Егер вирус жұқтырғандар саны күрт өссе, мұндай митингілерге де тыйым салуды ұсынамыз, - деді ол.
Өткен аптада қазақстандық құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов әкімдіктен саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінді тоқтатуты талап ететін 500 адамдық митингіге рұқсат алғандарын айтқан. Олар митингіге үш рет өтініш берген соң ғана шараны өткізуге мүмкіндік алды.
Ағелеуов 20 қазанда Азаттыққа әкімдіктен митинг өтпей қалуы мүмкін деген ескерту болмағанын айтты.
— Бекшинмен төрт күн бұрын сөйлескенбіз. Митинг өтпей қалады деген сөз болған жоқ, Егер өзгеріс болса хабарласатынын айтқан. Бірақ ол хабарласқан жоқ. Біз митинг өткізу позициямыздан таймаймыз. Өткіземіз деп айтқан соң бас тартпаймыз. Біз әр қаладан көптеген адамдарды шақырып қойдық, - дейді ол.
Азаттық тілшісі Алматы әкімдігіне хабарласып, "рұқсат етілген митингіге шектеу қойыла ма?" деп сұраған. Әкімдіктегілер ресми хат жолдауды өтінді.
Алматыда кейінгі күндері он шақты адамнан коронавирус табылып жатыр. Ресми дерек бойынша қалада, 14539 адамнан вирус анықталған. 14156 адам жазылып, 279 науқас қайтыс болды.
1,9 миллион тұрғыны бар Алматы Қазақстандағы ең ірі қала саналады