Пандемиядағы екінші Құрбан айт
Әлем мұсылмандары 20 шілдеден бастап 3 күн Құрбан айт мерекесін тойлайды. Осы күні мұсылман дінін ұстанушылар құрбандыққа мал шалып, құлшылық етеді. Құрбандық еті жағдайы төмен отбасыларға таратылады. Қазақстан мұсылмандары биыл бұл діни мейрамды екінші жыл коронавирус пандемиясы жағдайында атап өтті. Вирус кең тарап жатқан қызыл аймақтағы мешіттерде айт намазы оқылмады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустан сақтану үшін діни шараны онлайн өткізуді ұсынды. Дегенмен, Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қараөткел ауылының зейнеткер тұрғыны Шәймардан Қасен мен оның жұбайы Қанай Шолай сары аймақтағы өз үйлерінде қой сойып, құрбандық шалды.