Семейде аманаттықтар автобус жолаушыларымен ТКШ мәселелерін талқылады
"AMANAT" партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің өңірлердегі сайлаушылармен кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін партиялықтар Абай облысына келді.
Семей қаласында "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов №35 бағыттағы автобусқа отырып, қала тұрғындарымен сөйлесті. Тұрғындар ТКШ, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу сияқты тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Бұдан соң автобус паркінде өткен қоғамдық көлік саласының қызметкерлерімен кездесуде жолаушылар тасымалы мәселелері талқыланды.
"Қоғамдық көлік саласын дамыту – еліміздің барлық қаласында өзекті мәселе. Лық толы автобустар, оларды аялдамада сарылып ұзақ күту және тозығы жеткен қоғамдық көліктер тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді", - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Партиялықтар әр өңірде қоғамдық көлік тапшылығы мен ескірген автопарктерге қатысты күрделі мәселені шешуге жүйелі түрде күш салатынын жеткізді. Үкіметпен бірлесіп, ескі автобустарды қысқа мерзімде жаңа, отандық көліктерге ауыстыруға мүмкіндік беретін шешімдер әзірленеді.
Сондай-ақ, штаб мүшелері Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бөлімі туралы айтты.
Партия 2027 жылға дейін медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын көтеруге және дәрігерлер мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуге күш салады.
Партия Семейде облыстық 5 денсаулық сақтау нысанының салынуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, 300 келушіге арналған 2 емхана, 400 төсектік көпбейінді аурухана, емханасы бар балалар ауруханасын және Қан орталығын тұрғызуға атсалысады.
Осы күні штаб мүшелері Семейдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдерімен және қала белсенділерімен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және МИБ-ті (Мүлік иелерінің бірлестігі) енгізу мәселелерін талқылады.
Партияның "Халықпен бірге!" сайлауалды бағдарламасында бүкіл ел аумағындағы ТКШ инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды қамтамасыз ету көзделген. Энергетика саласын басқаруды реформалау, су қоймаларын салу, инженерлік желілерді жаңарту және т.б. көптеген жұмыс қолға алынады.
Дайындаған: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов