Салтанат Нүкенованың өлімі: полиция ескерту жасады
Астана полициясы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты ескерту жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Астана қаласының Полиция департаменті мейрамханада әйелді өлтіру дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Күдікті Астана қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің объективті мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында. Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын еске салды.
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!