"Трактормен – Ақордаға". "Билікті басып алмақ болды" деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды
Алматыда "билікті басып алмақ болған" деген айып тағылған жеті адамға үкім шықты. Сот олардың айыбы толығымен дәлелденді деген тергеу тарабының байламымен үндесетін шешім шығарды: үш адамды алты жылға, үш адамды бес жылға бостандығынан айырды. Олар тағылған айыпты жоққа шығарды. Кінәсін мойындаған бір адамға сот шартты жаза берді. Сотталушының адвокаты ұлттық қауіпсіздік комитеті әуелі "арнайы операция" жүргізіп, кейін күдіктілерді тұтқындап, тергеуін жүргізген істе тағылған айыптар дәлелденбеді дейді. Ол "трактор-танк төңкеріс" ісі бір кездегі атышулы "Жиһадшылар ісіне" ұқсас екенін айтады.