АҚШ Венесуэла мұнайын сатудан түскен қаражатты бұғаттады
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ қаржы министрлігінің шоттарында сақтаулы тұрған Венесуэла мұнайын сатудан түскен кірістерді сот арқылы бұғаттауға, тәркілеуге немесе өндіріп алуға тосқауыл болатын жарлыққа қол қойды. Құжатта арнайы рұқсат болмаса, бұл қаражатты қандай да бір операция жүргізіп пайдалануға қатаң түрде тыйым салынатыны айтылған.
Ақ үйдің түсіндіруінше, аталған кірістер Венесуэла мемлекетінің меншігі болып қала береді, алайда уақытша АҚШ билігінің басқаруында болады. Бұл қаражатты түрлі себеппен, мысалы, кредиторлар мен жекелеген тұлғалардың талап-арыздары бойынша тәркілеп алуға жол бермеу үшін оны осылай қорғау қажет екені айтылған.
Вашингтон аталған жарлық "америкалық және венесуэлық халықтардың игілігі үшін" қабылданды және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатын қорғауды, сондай-ақ Венесуэлада тұрақтылық орнатуға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді деп түсіндірген.
Бұл шешім Венесуэланың мұнай ресурстарына АҚШ бақылауын күшейтуге бағытталған бірқатар шаралардан кейін қабылданды. Атап айтқанда, Венесуэланың биліктен кетірілген басшысы Николас Мадуроның тұтқындалуына қатысты кейінгі оқиғалар және мұнай өндіру мен экспортты америкалық бақылаумен қайта жандандыру жоспарлары осындай қадамға негіз болған.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент алдағы аптада Венесуэлаға қатысты қосымша санкциялардың бір бөлігі алып тасталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл шара мұнай сатуды жеңілдетіп, ел экономикасын қалпына келтіруге қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар Бессент Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банк өкілдерімен Венесуэла экономикасын қайта өркендетуге қатысу мәселесін талқылайтынын жеткізді.
Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Куба бұдан былай Венесуэладан ақша да, мұнай да алмайды деп жазды. АҚШ президентінің сөзінше, Куба ұзақ уақыт бойы Венесуэладан баратын қаржы мен мұнай есебінен күн көрген.
"Оның қайтарымы ретінде Куба Венесуэланың соңғы екі диктаторына "қауіпсіздік қызметтерін" көрсетіп келді. Бірақ енді олай болмайды! Осы кубалықтардың көбі өткен аптадағы АҚШ шабуылы кезінде қаза тапты, ал бұдан былай Венесуэлаға оны жылдар бойы тұтқында ұстаған бандиттер мен бопсалаушылардан қорғанудың қажеті жоқ. Енді Венесуэланың қорғаушысы бар – ол әлемдегі ең қуатты армиясы (озық тұрған!) бар Америка Құрама Штаттары. Біз оны қорғайтын боламыз. Кубаға енді ешқандай мұнай да, ақша да берілмейді – нөл!" – деп жазды Трамп.
Сонымен бірге АҚШ президенті Гавана билігіне "кеш болмай тұрғанда" АҚШ-пен келісімге келуді "өте-мөте ұсынатынын" айтты.
Бұдан бөлек, Трамп АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы Кубаның президенті ету "өте тамаша идея" екенін де жазды.
