Трамп АҚШ-тың Гренландияға бақылау орнатуына қарсы елдерге салық саламыз деп сес көрсетті
АҚШ президенті Дональд Трамп Американың Гренландияға бақылау орнатуына қарсы елдерге жаңа тариф енгізуді қарастырып жатқанын мәлімдеді.
«[АҚШ-тың Гренландияға қатысты талаптарымен] келіспейтін елдерге тариф енгізе аламын, себебі Гренландия бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет», - деді Трамп. Оның сөзінен CNN үзінді келтіреді.
Ақ үйде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселесіне арналған шара кезінде Трамп осылай деп мәлімдеді. CNN-нің хабарлауынша, Трамп басқа елдерді АҚШ-тағы дәрі-дәрмек бағасын арзандату жоспарымен ынтымақтастыққа мәжбүрлеу үшін тарифтерді пайдалану жөнінде айтқан. Америка президенті өзін «тарифтер патшасы» деп те атады.
Жұма күні АҚШ делегациясы Дания мен Гренландия басшыларымен әріптестікті талқылау үшін Копенгагенге барған.
14 қаңтарда Дания аралда әскер көбейгенін хабарлады. Хабарламаны қорғаныс қабілетін нығайту мәселесі бойынша АҚШ-пен әріптестікке қадам ретінде қабылдауға болады. Дания қорғаныс министрлігінің хабарламасында НАТО әскері жақын арада аймақта әскери әріптестікті кеңейту жоспарына дайындық миссиясына қатысатыны жазылған.
Кейбір ел осы миссияға немесе Гренландиядағы жаттығуларға қатысу үшін әскер жіберетінін хабарлады. Мәселе әскери жасақ емес, санаулы немесе ондаған сарбаз жөнінде болып отыр.
Трамп Гренландияға бақылау орнатқысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл жөнінде алғаш рет 2019 жылы бірінші президенттігі тұсында айтқан. Трамптың айтуынша, Гренландия Америка әскері үшін өте маңызды және Дания оны қорғау үшін жеткілікті дәрежеде күш салмаған.
