Қазақстан үкіметі екінші АЭС те Жамбыл ауданында салынады деп ұйғарды
Қазақстанда екінші атом электр станциясы (АЭС) салынатын орын ресми түрде бекітілді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов 26 қаңтарда қол қойып, құжат сол күннен бастап күшіне енген деп жазды жергілікті басылымдар.
Қаулыға сәйкес, елдегі екінші АЭС те Алматы облысы Жамбыл ауданы аумағында салынады деп белгіленді.
"Екінші атом электр станциясы" ядролық қондырғысын (бұдан әрі – ядролық қондырғы) салу және Алматы облысының Жамбыл ауданы – ядролық қондырғы салынатын аудан туралы шешім қабылдансын", – деп жазылған үкімет қаулысында.
Үкімет елдегі алғашқы АЭС Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында салынады деп былтыр ақпанда ресми түрде бекіткен. 14 маусымда үкімет алғашқы АЭС-ті Ресей салып береді деп мәлімдеген. Жаңа нысан "Балқаш" атом электр станциясы деп аталмақ.
Былтыр қарашада Атом энергиясы жөніндегі агенттік жетекшісі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге елдегі бірінші АЭС-тің іргетасын қалау 2029 жылға жоспарланып отырғанын айтқан. Сәтқалиев жұмыс басталғаннан кейін 18 айда жобалық-зерттеу жұмыстары аяқталады, болашақ АЭС-ке маман дайындау жұмысы қатар жүріп жатыр деп мәлімдеген. Ал Қазақстанға екінші атом электр станциясын салып береді деген Қытай болашақ АЭС мамандары үшін 200 грант бөлген.
Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
"Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады", – деген Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді 2024 жылы қабылдаған. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.
Қазақстан барлығы үш АЭС салуды жоспарлап отыр. Алғашқы станцияны Ресейдің "Росатом" компаниясы жетекшілік ететін консорциум, ал екінші және үшінші станцияны Қытай компаниясы салмақ. Бұған дейін Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев екі АЭС Алматы облысында, бір АЭС Батыс Қазақстанда орналасатынын айтқан.
