Тоқаев табысты арттырып, инфляцияны төмендетуге тапсырма берді
"Біздің миссиямыз айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс". Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді.
Оның айтуынша, үкіметтің негізгі міндеті - нақты табысты көбейту. Бұл үшін мемлекет "қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет".
Қазақстан президенті үкімет пен Ұлттық банкке "үш жыл қатарынан инфляцияны төмендетудің" "нақты іс-қимыл алгоритмін" әзірлеуді тапсырды.
"Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз "жол карталарын" әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады", – деді Тоқаев. Бірақ ол бұл сөзі кімге бағытталғанын нақтыламады.
Былтыр 16 қазанда Қазақстан үкіметі президенттің "экономикалық реформаның елге жағымсыз салдарын азайтуға" берген тапсырмасын жедел орындап, бағаға, салыққа және несие беруге қатысты бірнеше өзгеріс енгізген. Атап айтқанда, жанармайды, коммуналдық төлемді қымбаттатуға мораторий жарияланып, ипотекалық бағдарламаға көптеп ақша бөлінетіні айтылған. Бұған қоса Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтерген.
Сол кезде Азаттыққа сұхбат берген сарапшылар бұл шешім көзбояу сипатында деген тұжырым жасаған. Мәселен, "Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының" директоры Меруерт Махмұтова үкіметтің шаралары "халықтың ахуалына әсер ете қоймайды" деген.
Сарапшылардың негізгі уәжі – үкімет уақытша шектеу енгізіп, мемлекеттік банктерге көп қаржы бөлгенше, шынайы бәсеке тудырып, отандық өндірісті қолдауы керек.
2026 жылың басында Қазақстанда қымбатшылық күшейіп, табыстың көп бөлігі тамаққа кетіп жатқаны айтылған. Сарапшылар бұған 2026 жылы салықтың артқаны да әсер етті деген.
Ресми дерек бойынша, 2025 жылы Қазақстанда инфляция 12,3 пайыз болды.
