Тоқаев жаңа Конституция жайлы түпкілікті шешім референдумде қабылданатынын айтты
"Жаңа Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады", — деп мәлімдеді Тоқаев сейсенбі күні Астанада үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президент конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді деп есептейді.
– Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы комиссия құрамында шетел мамандары жоқ, – деген Тоқаев.
Ол ел азаматтарына өз ой-пікір білдіруге "былтыр қазан айынан бастап толық мүмкіндік берілгенін", содан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы жұрттан бірнеше мың ұсыныс түскенін, конституциялық комиссияның талқылаулары тікелей эфирден көрсетілгенін айтты.
– Біз "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі, – деп мәлімдеген президент.
Тоқаев Қазақстан парламентін бір палаталы етіп өзгерту туралы идеяны алғаш рет былтыр қыркүйектің бас кезінде жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялағанда айтқан. Содан бері ол идея Конституцияны ауқымды түрде жаңарту бастамасына ұласып, биліктің бұл істі тым қысқа уақыт ішінде едел-жедел қолға алып жатқанына қоғамда айтылып жатқан сыни пікірлер де аз емес.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев бұрынғы билік тұсында енгізілген пропорциялық сайлау жүйесін сынап, Қазақстанда араға едәуір жыл салып, аралас сайлау жүйесі қайта енгізілген еді. Алайда қазір талқыланып жатқан жаңа жобада бір палаталы парламент толықтай партиялық тізім бойынша жасақталатыны жазылған.
Қоғамда парламентті тек партиялар тізімі бойынша сайлауды қайта енгізу идеясын сынға алып жатқандар бар, алайда билік мұны әлемде кең тараған тәжірибе деп айтып жүр.
Осы тақырыпқа Азаттық материалын оқыңыз:
Тоқаев "Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкені" жайлы сөзін тағы қайталады.
– Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция жобасында "адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз, – дейді Тоқаев.
Ол қазір қоғамда Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқыға түсіп жатқанын айтып, "қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді, бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі" деген.
Конституция жобасында шығармашылық түрлері тізбеленіп, зияткерлік меншікке қатысты ережелер, азаматтық және қылмыстық заңда бұрыннан бар нормалар қайталанған. Елдегі журналистер мұндай мағына аясы кең тұжырымдар теріс мақсатта пайдалануға жол ашып, цензураны күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына қысымды арттырады деп алаңдайды. Қазіргі Конституцияның 20-бабын сақтап қалуды сұрап, 800-дей адам қол қойған ашық хат конституциялық комиссияға жолданған. Ол туралы төмендегі материалымыздан оқи аласыз:
