ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамақ мерзімі ұзартылды
Сот ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамақ мерзімін ұзартты. Бұл жөнінде оның әйелі Айгүл Қасенова хабарлады.
"Алматы соты күйеуім Әмір Қасеновтің үйқамақ мерзімін үш айға созды. Яғни, қазақша Жаңа жыл – Наурыз мерекесін де ол үйде өткізбек. Үйқамақ мерзімін ұзарту туралы өтініште менің күйеуім жасырынуы, қандай да бір жолмен тергеуге кедергі келтіруі немесе заңға қайшы қызметпен айналысуы мүмкін дегенге ешқандай дәлел айтылмайды – ұзартуға негіз ретінде мүлде басқа себептер айтылды – тергеу органдары бірқатар процессуалдық әрекетті Әмір Қасеновтің қатысуынсыз жүргізуі мүмкін еді. Сот үйқамақ мерзімін ұзарту өтінішіне қатысты түрлі заңсыздықтарды алға тартқан адвокат Сәлімжан Мусиннің айтқандарын елемеді" деді Айгүл Қасенова.
Желтоқсан басында ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.
Желтоқсан айының соңында Әмір Қасенов үйқамаққа алынды. Сот шешімі бойынша ол дәрігер және адвокаттан басқа ешкіммен сөйлесе алмайды. Әлеуметтік желіде жазба жариялауға, сұхбат беруге тыйым салынған.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. Ақпарат агенттігі бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. ҚазТАГ басшылығы бұл қылмыстық істі сөз бостандығын шектеу әрекеті деген.
Қазақстан вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" айтқан.
Желтоқсан айында Freedom Finance иесі, Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) ҚазТАГ агенттігінің компанияның "алаяқтығы" туралы "біржақты 12 материал жариялауы" "жала жабу мен қоғам пікірін бұрмалауға бағытталған арнайы кампанияның" бір бөлігі болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, компания заң аясында өзінің ұстанымын қорғауға және мұның жала екендігін дәлелдеуге де дайын.
ҚазТАГ-тың жазуынша, 16 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Freedom Finance-тің ҚазТАГ-қа қатысты азаматтық шағымы бойынша процесті жабық еткен.
ҚазТАГ басшыларына қарсы іс елде құқық қорғаушылар мен баспасөз қорғау ұйымдарының пікірінше, сөз бостандығы тарылып, ақпарат құралдарына қысым күшейген тұста қозғалды. Желтоқсан айының басында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу жолдап, мұны тоқтатуға шақырған еді.
