Тоқаев Назарбаевты тағы да мақтай сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз мерекесіне орай сөйлеген сөзінде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты да атап өтіп, елдің барлық жетістігін соның есімімен байланыстырды.
“Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы” деді ол.
Тоқаев қазіргі Конституция қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді, ал қазір жаңа Конституцияны қабылдау – бұл уақыт талабы деді.
"Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз" деді Тоқаев.
Қазақстанда жаңа Конституция жобасына қатысты референдум 15 наурызда өтеді. Ақорда Конституцияны өзгерту заман талабы десе, сыншылар бұл президент билігін күшейту мақсатында жасалып отыр деп санайды.
Қазақстанды совет дәуірінен бастап отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент лауазымын көп жылғы серігі, сол кезде парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып кеткен. Сол жылы маусымда Тоқаев өзі белгілеген кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша бес жылға Қазақстан президенті болып сайланған. 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев тұсындағы іс-әрекеттерді сынағандай болған Тоқаев одан кейінгі мәлімдемелерінде бірінші президенттің "сіңірген еңбегін" бірнеше рет айтқан. Мысалы, былтыр 6 шілдеде Назарбаев 85 жасқа толған шақта оған жіберген құттықтауында Тоқаев оның "тарихи рөліне" тоқталып, "жаңа дәуірдегі қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын" атап өткен. Сол сияқты, Конституцияның 30 жылдығына орай сөйлеген сөзінде Тоқаев Назарбаевтың "табанды еңбегін" оң бағалады.
