Петропавл соты белсенді Вадим Курамшинді 10 тәулікке қамады
Петропавл соты белсенді Вадим Курамшинді әлеуметтік желіде "жалған ақпарат таратқаны" үшін (456-2 бап) кінәлі деп танып, 10 тәулік әкімшілік қамауға жіберді. Әкімшілік іске оның Конституцияны талқылағандарды жазалап жатқаны туралы посты түрткі болған.
Іс материалдарына қарағанда, 2 наурызда Курамшин өзінің Instagram және TikTok-тағы аккаунттарында видео жариялап, "Конституцияны талқылаған осындай жазбалар үшін полицияға шақырту беріп, отырғыза бастады" деген. Полиция мұны "қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін" "жалған тұжырым" деп санаған.
Сотта Курамшин өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол конституциялық құқығын пайдаланып, өз пікірін жеткізгенін айтты. Жазбада көрсетілген деректерді ақпарат құралдары мен белсенділерден алғанын жеткізді.
Сот отырысы кезінде қорғау жағы 10 наурызда полиция қызметкерлерінің оның үйіне ешқандай ескертусіз, заңсыз басып кіргенін айтты. Олар инспекторға жеке қаулы шығарып, істі қайта тергеуге жіберуге және видеоға филологиялық және лингвистикалық сараптама тағайындауды сұрады.
Ал полиция қызметкерлері сотта заңсыз әрекет еткендерін жоққа шығарды. Олардың түсіндіруінше, полицияға шақыру үшін Курамшиннің үйіне барғанда қақпасы мен есігі ашық болған. Үй иесін бірнеше рет шақырғанмен ешкім шықпаған. Есік ашық болғандықтан үйге кіріп, тағы шақырғандарын айтты. Олар белсендіні ұстаған кезде оған құқықтарын түсіндіргенін, адвокатпен қамтамасыз еткендерін айтты.
Полиция Курамшинге барған кезде белсенді бөлмеде отырып, телефонмен тікелей эфир жүргізіп жатқан. Полицияның барған сәті видеоға түсіп қалған.
Видеода Курамшин полицейлерді үйіне рұқсатсыз басып кіргені үшін айыптайды. Ал полицейлер оның сұрағына жауап бермей, оған сол жерде шақырту тапсырмақ болады.
Сот қорғау тарабының полиция "үйге заңсыз кірді" деген уәжін қабылдамай, полиция қызметкерлері "заңнамаға сәйкес" әрекет еткенін айтты. Белсендіні 10 тәулікке қамады.
Курамшин былтыр қараша айында да осы бап бойынша жауапқа тартылған.
Вадим Курамшин – бұрын Қазақстан түрмелерінде қамауда отырғандардың құқығын қорғаумен танылып, ізінше өзі де қылмыстық жауапқа тартылып, 12 жылға сотталған. 2018 жылы түрмеден босап шықты. Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары мен Курамшиннің жақындары бұл істің саяси астары бар деген.
