Астанадағы ақылы тұрақтар мемлекетке өтті: бұл нені білдіреді?
Ақылы тұрақтар мемлекет меншігіне өтті
2026 жылғы 14 қыркүйекте елордалық ақылы тұрақтарды мемлекеттік ұйым басқара бастады.
"Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС Астана әкімдігіне тиесілі "Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы" ЖШС-не қосылды. Осылайша, елордадағы ақылы тұрақтарды басқару бүгін толықтай мемлекетке өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz-ке қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрақ ақысын төлеудің жаңа жүйесі
Тұрақтар әкімдік қарамағына өткеннен кейін елордада төлем жасау үшін жаңа UIMS Parking мобильді қосымшасы мен веб-порталы іске қосылды. Мына жайттар нақтыланды:
Жеңілдіктер мен абонементтер сақталады. Барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен бұрын рәсімделген абонементтер жаңа жүйеге көшірілді. Құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ.
Баланс сақталады. Пайдаланушылардың жеке кабинеттеріндегі қаражат қалдығы да жаңа жүйеге ауыстырылды.
"Үйреншікті төлем арналары мен ақпараттық тақтайшалардағы QR-кодтар өзгеріссіз қалады. Ағымдағы тәуліктегі тұрақ сессиясының ақысын бұрынғысынша сол күні сағат 23:59-ға дейін төлеуге болады", – делінген хабарламада.
Тұрақтар бұрын кімге тиесілі болды және неге қайтарып алынды?
Қаладағы тұрақтарды жекеменшік иелігінде болған "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС басқарып келген еді.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек компаниямен келісімшартты бұзу туралы сонау 2025 жылдың ақпанында айтқан болатын.
Кейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Астанадағы ақылы тұрақтар жүйесі "түк істемей-ақ, орасан зор ақша алып отыр" деп мәлімдеген еді. Бұл ретте ол тұрақтарды мемлекет меншігіне қайтару өте күрделі процесс екенін атап өтті.
Наурызда әкім орынбасары Ерсін Өтебаев ақылы тұрақтарды мемлекет бақылауына өткізу аяқталғанын хабарлады. Сол кезде жазға қарай елорданың тұрақ жүйесі толығымен коммуналдық меншікке өтетіні айтылған болатын.
Алайда тұрақтарды тек бір жылдан кейін ғана өткізіп алу мүмкін болды.
Компания туралы не белгілі және ол неге сотқа тартылды?
"Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы нарықта 11 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді. Қазір ол әкімдікке тиесілі. Бұған дейін оның иесі Шыңғыс Досыбаев болған – қазір Kompra.kz порталында ол ұйымның бірінші басшысы ретінде көрсетілген.
Kompra.kz мәліметінше, 2016 жылдан 2026 жылға дейін компания 651 миллион теңге салық төлеген. Табыстың ең жоғары көрсеткіші 2026 жылға сәйкес келеді: 9 ай ішінде 197 миллион теңге төленген.
"Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-нің салық аударымдары. Kompra.kz деректері
№ 1 сот ісі
2024 жылы компанияға қатысты салықты төмендетіп көрсетуге байланысты сот талқылауы болды. Сот мәліметінше, компания 2020–2022 жылдар аралығында бейрезидент табысынан төленетін КТС-ті 18,5 миллион теңгеге азайтып көрсеткен.
Компания салық тексеруінің нәтижелерімен келіспей, оған шағым түсірді. Алайда сот заңбұзушылық дәлелденді деп мойындады.
"Сот "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС өкілінің ұстанымын жасалған әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатындағы қорғану тәсілі деп бағалайды", – делінген сот құжаттарында.
Нәтижесінде "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-не 3,7 миллион теңге айыппұл салынды – бұл қосымша есептелген салық сомасының 20 пайызы.
"Астана тұрақ кеңістігі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 278-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 701 852 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылсын", – делінген Tengri Auto иелігіндегі құжатта.
№ 2 сот ісі
Компанияның есебінде мұндай талқылаулар біреу ғана емес. 2023 жылы сот компанияны бюджетке 31,8 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Бұл – мемлекеттік аудит кезінде анықталған заңбұзушылықтан кейінгі нұсқама сомасы.
Тексеру нәтижесінде компанияның ақылы тұрақтардан түскен табысты азайтып көрсеткені және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшарты бойынша қалаға тиісті табыс үлесін аудармағаны анықталды.
Компания бұл шешіммен келіспей, шағымданды. Алайда апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, бюджетке 31,8 миллион теңгені өндіріп алу күшінде қалды.
Компанияның есебінде барлығы 22 сот талқылауы бар. Олардың жартысында ұйым жауапкер ретінде қатысқан.
"Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-нің сот талқылаулары. Kompra.kz деректері
Еске салайық: Астанада мобильді кешендер пайда болды, олар қаланы аралап, көлікті дұрыс қоймау деректерін анықтайды. Арнайы логотипі бар автокөліктер тұраққа тыйым салынған аймақтарды бақылайды. Егер жүйе сол жерден көлікті байқаса, ол туралы мәліметтер тіркеліп, айыппұл рәсімдеу үшін полицияға жіберіледі.
