Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 18 наурызға дейін созылады
18 ақпанда Астана уақытымен кешкі сағат 6-да мәжіліс және мәслихат депутаттығынан үміткерлерді тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 18 наурыз түнгі сағат 00-00-ге дейін жалғасады. Бұдан соң "тыныштық күні" болады.
Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.
18 ақпанда орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша жеті саяси партия атынан 281 кандидат тіркелгенін хабарлаған. Сарапшылар тіркелген партиялар арасында шынайы оппозициялық ұйым жоқ екенін айтады.
18 ақпанда ОСК жиынында "жеребе тасталып", соның нәтижесінде бюллетеньдегі партиялардың орны анықталды: бірінші орында – "Аманат", екінші орында – "Ауыл", одан кейін Respublica, Қазақстан халық партиясы, бесінші орында – "Байтақ", алтыншы орында - "Ақ жол", ең соңында – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) тұратын болды.
"Аманат" атынан партиялық тізім бойынша мәжіліс сайлауына – 90 кандидат, "Ақ жолдан" – 54, Қазақстан халық партиясы атынан – 52, "Ауылдан" – 25, ЖСДП-дан – 19, жаңа тіркелген Respublica мен "Байтақтан" 23 және 18 кандидат қатысады.
Мәжілістің 69 депутаты – партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты округ бойынша сайланады. Мәжіліс сайлауына бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған: 79 кандидатты партиялар, тағы бес кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 12 мыңға жуық кандидат ұсынылған.
Парламент сайлауы қарсаңында Астана аралас мажоритарлық-пропорционалдық жүйенің енгізілгенін алға тартып, сайлау "бәсеке жағдайында өтеді" деп мәлімдеді. Сыншылар саяси режим өзгермегенін, биліктің саяси күштер арасында шынайы бәсекеге жол бермей отырғанын айтады. Бірмандатты округтарда оппозиция кандидаттары тіркелсе де, сайлауды бақылау мен дауыс санау Ақорда қолында қалғанын атап өтеді.