Түркияда тағы да жер сілкінді. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар
20 ақпан Түркияда жергілікті уақыт бойынша сегіз шамасында (Алматы уақытымен 23:00 шамасында) магнитудасы 6,4 және 5,8 балл болатын екі жер сілкінісі болды. Жер дүмпуінің эпицентрі Сириямен шекара маңындағы Хатай провинциясында тіркелген. Зілзала Антакья және Самандаг қаласында қатты сезілген. Бұл туралы түркиялық басылымдар мен халықаралық агенттіктер хабарлады.
Түркия ішкі істер министрі Сүлеймен Сойлу 20 ақпандағы жер сілкінісінен кемі үш адам қаза тауып, 213 адам жараланғанын хабарлады. Қираған ғимараттар да бар.
Түркия билігінің мәліметінше, Хатай провинциясында жарық сөніп, біраз ғимарат зақымданған. Хатай әкімдігі үйінді астында адамдар болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатқаны да айтылды.
Хатай провинциясы – 6 ақпанда болған 7,8 баллдық жер сілкінісінен қатты зардап шеккен аймақтардың бірі
Түркия билігі жер сілкінген аймақтағы теңіздің суы 50 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін деп тұрғындарына теңізге қарай жоламауға кеңес берді.
Жер дүмпуі Сирия, Египет, Ливан және Иордания да да сезілген. "Әл Жазира" телеарнасының хабарлауынша, Сирияның Алеппо қаласында да ғимараттар қираған, үйінді астында адамдар болуы мүмкін.
6 ақпан түнде Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік-батысында 7,8 балл жер сілкінісі болған еді. Бұл зілзаладан 46 мыңға жуық адам қаза тапты. Опат болғандардың 40 мыңнан астамы Түркияда. Мұнда Қазақстанның үш азаматы да опат болды. Қазір Түркия мен Сирияда он мыңдаған адам үйсіз қалды. Түркия билігі елде үш айға төтенше жағдай жариялаған.