Қалдан шерін мен Ханабад туралы аңыз
Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Ташкент деген қалада, оңтүстігі Шыршықтың күн батыс жағында Ханабад деген хан болыпты. Бір жағы тоғай жер болыпты, бір жағы Шыршық жар болыпты, Шыршық пенен тоғайына мал толыпты. Бір жағы адыр-жантақты, сусыз шөл болыпты. Бір жағы — батпақ, ылайсаң көл болыпты. Күн шығысы — таулы өр болыпты. Терістігі жон болыпты, батысы Сыр мен сор болыпты. Хан қахарлы болыпты, уәзірлері захарлы болыпты, қатыны — ерке, сор болыпты.
Күндердің күнінде Қалмақ ханы Қалдан шерін /Серін болу керек/ көп қолмен баса көктеп келіп қапты. Алты күн аңдысып, алты апта айтысып, алты жыл атысып ала алмапты. Қанабад ханның қамалының...