Кенесарының дулатқа келуі
Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. «Қазақты орысқа бермеймін» деп Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, салдаттарды қойдай қырды. Бірақ жер-дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбейе берді. Зеңбірегін сүйретіп Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады. Қазақтың Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жақсы жерлерін тартып алды. Елді қойға тиген қасқырдай талады. Кенесары, Наурызбай сол таланған елді қорғаймын деп қасына мың сан батыр қол еріп жүрді. Бірақ Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді, ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба, Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті,...