Астанада белсенділердің ұсталуы: Айдар Сыздықов 15 тәулікке қамалды
Астана соты белсенді, құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты 15 тәулікке қамады. Астана сотының хабарлауынша, Сыздықовтың ісі бүгін түске дейін қаралған. Шешімді судья Нұргүл Сағидолдина шығарды.
Тиісті қаулы күн соңына жариялануға тиіс.
Сот хатшысының айтуынша, Айдар Сыздықовқа "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (434-бап, 1-бөлігі) айып тағылған.
Екінші белсенді Әсет Әбішевтің ісін өзге судья қараған. Соттың хабарлауынша, Әсет Әбішев судьяны ауыстыруды талап еткендіктен сот отырысы кейінге қалған. Судьяны ауыстыру туралы шешімді сот төрағасы қарауға тиіс. Шешім жөнінде әзірге ақпарат жоқ.
Белсенділер Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов, құқық қорғаушы Айдар Сыздықов 6 желтоқсанда Астанадағы әкімшілік жазаға тартылғандар отыратын қамау мекемесінің алдында ұсталған. Олар мекемеге белсенді Қанатхан Әміреновті қарсы алу үшін барған.
Ұзақ күткеннен кейін белсенділер мекеме өкілдерінен дәретхана сұраған, себебі ғимарат маңында дәретхана болмаған. Бұдан соң Измайловтың айтуынша, мекеме кезекшісі полиция шақырған. Полиция оларды күштеп ұстады. Интернетте жарияланған видеода Сыздықов өзін полиция "ұрып-соққанын" айтты. Сергей Измайлов түнде босатылған. Оған ешқандай айып тақпаған. Сергей Измайлов 7 желтоқсанда белсенділердің қалай ұсталғанын айтып берді.
Измайлов оқиғаны "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуге кезекті рет өтініш беру талпынысымен байланыстырады. Бұған дейін тіркелмеген партия өкілдері партияны тіркеу бойынша құжатарды 15 желтоқсанда тапсыратынын мәлімдеген.
Осы апта ортасында Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов адвокат Мейіржан Досқараевпен бірге Астанада Марат Жыланбаев ісіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, "Жыланбаев ісіндегі бұрмалаушылықтар" туралы мәлімдеген.
Жуырда Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.