Ulysmedia.kz редакциясы сайттың бұзылғанын мәлімдеді
18 қаңтарда түстен кейін Ulysmedia.kz сайты бұзылып, сайттың алғашқы бетіне бас редактор Самал Ибраеваның жеке деректері жарияланып кетті. Бұл жөнінде Самал Ибраева хабарлады.
Жарияланған мәліметтер арасында Самал Ибраева мен оның отбасының құжаттары, суреттері бар. Сәлден соң сайт жабылды.
Сайттың бас редакторы Самал Ибраева ақпарат құралдарына таратқан ресми мәлімдемесінде "мұны кім істеген болуы мүмкін" деген сұраққа жауап іздейді. Оның айтуынша, мұндай қоқан-лоқы, шабуылдар былтырдан бері жалғасып келе жатыр. Ол Азаттыққа берген сұхбатында оқиғаны сайтта шыққан материалдармен байланыстырды.
– Бүгін белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтын бұзды. Бізде бұған дейін шыққан барлық материалды өшіріп тастаған. Резервтегі барлық көшірме жойылған. Сайтта маған және отбасыма қатысты барлық материал, кәмелетке толмаған балаларым туралы барлық құжат, ешқашан әлеуметтік желіге жарияланбаған фотолар шығып кетті. Мұны жеке өміріме қолсұғушылық деп бағалаймын. Ulysmedia'ның саясатына қатысты жасалған дүние деп ойлаймын, - деді Самал Ибраева Азаттыққа.
Ол бұған арнайы қызметтің де қатысы болуы мүмкін дегенді де жоққа шығармады.
"Ulys кімнің жолын кескен болуы мүмкін деген сұраққа жарты жыл бойы бас қатырып келеміз. Бұл арнайы қызметтің қатысуынсыз болмаған тәрізді. Жарты жыл бойы Ұлыс, Орда және Елмедиаға шабуыл жасалып жатыр. ҰҚК-дан ешкім бұл мәселеге тіпті қызығушылық білдірген де жоқ. Неге?" деп жазылған Самал Ибраеваның атынан таратылған мәлімдемеде.
Ол құқық қорғау органдарына шағымданатынын, әзірге шағым түсіріп үлгермегенін айтты.
"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы журналиске заңгерлік көмек ұсынған. Журналист қабыл алған.
(Ақпарат толықтырылады).