Ресей СІМ Американың 500 азаматына елге келуге тыйым салды. Арасында экс-президент Барак Обама да бар
Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың 500 азаматына елге келуге тыйым салды. Арасында Американың бұрынғы президенті Барак Обама да бар.
19 мамырда АҚШ Ресейдің 46 азаматына жеке санкция салған, ведомствоның түсіндіруінше, бұл соған "қарымта жауап".
Ресей сыртқы істер министрлігі құрған тізімге АҚШ атқару билігінің өкілдері, Конгресс мүшелері, әскери компания басшылары, сарапшылар мен Америкадағы ұйымдардың ғылыми қызметкерлері, журналистер, жүргізушілер мен сарапшылар енген.
Бұған дейін АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің 46 азаматына санкция жариялаған, арасында вице-премьер Виктория Абрамченко, оқу-ағарту министрі Сергей Кравцов, омбудсмен Татьяна Москалькова және президенттің көмекшісі Игорь Левитан бар.
Шектеуге сонымен бірге Ресей президенті бақылау басқармасының жетекшісі Дмитрий Шальков, "Интеррос", "Восход" венчурлық қордың бас директоры Руслан Саркисов, Санкт-Петербург тау университетінің ректоры Владимир Литвиненко, Татарстан жастар ісі жөніндегі министрі Ринат Садықов, ресейлік миллиардер, "Меркурий" компаниялар тобы иелерінің бірі Игорь Кесаев ілінген.
АҚШ билігі жоғарыда аталғандардан бөлек, Ресеймен байланысы бар 70 компания мен ұйымға экспорттық шектеу енгізген. Арасында Армения мен Қырғызстан компаниялары да бар.