Абай облысындағы орман өрті: Қаза болғандар 14 адамға жетті
Абай облысында тағы 11 адамның денесі табылды деп хабарлады өртті сөндіру жедел штабы. Қаза болғандардың аты-жөндері анықталып жатыр.
Бұған дейін үш орманшының денесі табылғаны хабарланған. Осылайша қаза болғандар саны 14-ке жеткен.
Бір күн бұрын билік 14 орманшымен байланыс үзілгенін, үшеуінің қаза болғанын хабарлаған.
Абай облысында орман өртеніп жатқанына бірнеше күн болды. Өрт аумағы 60 мың гектардан асты деп айтылады.
Қазір 9 аумақта өрт сөндіріліп жатыр. Өртті сөндіруге мыңнан астам адам, арасында әскери қызметкерлер де бар атсалысып жатыр. Бұған дейін Абай облысының әкімдігі "өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланғанын, жағдай тұрақтала бастағанын" хабарлаған.