БҰҰ Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары 16-17 наурызда Қазақстанға келеді
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк 16-17 наурызда Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл жөнінде БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы хабарлады.
17 наурызда ол Астанада баспасөз мәслихатын өткізеді.
Астанаға бармай тұрып Фолькер Тюрк 13-15 наурызда Өзбекстанда болады.
Ол екі ел үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен, Адам құқығы жөніндегі уәкілдермен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі.
Өзбекстанға сапары барысында Фолькер Тюрк сонымен бірге Қарақалпақстан астанасы Нөкіске де барып, Адам құқығы декларациясының қабылданғанына 75 жыл толуын атап өтетін шараға қатысады.
Осыған ұқсас шара Астанада да өтеді.
58 жастағы австриялық заңгер Фолькер Тюрк 2022 жылы қыркүйекте БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары болып сайланған. Ол БҰҰ құрылымдарында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Астанаға кемінде 238 адам опат болған Қанды Қаңтар оқиғасынан бір жылдан астам уақыт өткен кезде келейін деп отыр. Астана халықаралық ұйымдар мен белсенділердің Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсынысын кері қайтарған. Билік құқық қорғаушылардың "Қанды оқиға жан-жақты тергелген жоқ, оқиға кезінде опат болған адамдардың өліміне кінәлілер, адам азаптағандар жазаланбады" деген сынымен келіскен жоқ.
Қазақстанға 2012 жылы Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар Нави Пиллэй (2008–2014) келген. Нави Пиллэй және БҰҰ еркін жиналу құқығы бойынша арнайы баяндамашысы Майна Киаи билікті Жаңаөзен оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге шақырған. 2016 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілін полиция күшпен басып, бейбіт демонстранттарға оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 17 адам қаза болған, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тергеуге Еуропарламент те үндеген.