Шымкентте автобус апатынан қаза болғандар бес адамға жетті
Шымкентте бір күн бұрын болған автобус апатынан қаза болғандар 5 адамға жетті – тағы бір жасөспірім облыстық балалар ауруханасында қайтыс болды. Бұл жөнінде Tengrinews агенттігі хабарлады.
Қайтыс болған жасөспірім 2006 жылы туған. Ауруханаға ол "клиникалық өлім" жағдайында түскен. Дәрігерлер оны құтқара алмаған.
Қазір дәрігерлер апаттан зардап шеккен 2005 жылғы қыздың жағдайын қадағалап отыр.
Бір күн бұрын Шымкентте "жүргізушісі жоқ автобус төменге қарай өздігінен сырғып, тротуардағы алты адамды қағып кеткен еді". Соның салдарынан екі әйел мен бір жасөспірім – оқиға орнында, кәмелетке толмаған қыз ауруханада қайтыс болғаны хабарланған еді. 9 сәуірде қаза болғандар 5 адамға жетті.
Полицияның ақпаратынша, жүргізуші соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткен. Сол кезде автобус төменге қарай өздігімен жылжып, жаяу жүргіншілерді қаққан.
Жүргізуші ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалған. Автобустың жарамдылығы жөнінде сараптама тағайындалған. "Көлікті пайдалану қағидаларын бұзу" (345-бап, 4-бөлік) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.